
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Ақтерек» сауықтыру лагерінің жаңа маусымға дайындығымен танысты.
Лагерьдің ас мәзірі, жатын орындар, ойын алаңдарының жай-күйі тексеріліп, қызмет сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Ақтерек» лагерінде биыл 452 баланың демалысы жоспарланған. Оның ішінде 402 бала – міндетті оқу қоры, 50 бала – кәсіподақ есебінен қамтылады. Ауысым ұзақтығы – 10 күн.
Жаңа маусымға дайындық аясында лагерьге 5,6 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, санитарлық талаптарға сәйкес қосымша 4 млн теңгеге сыртқы бассейнді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Лагерь жұмысына мектеп мұғалімдері мен қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері тартылып, үйірмелер мен мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
«Ақтерек» сауықтыру лагерінің жаңа маусымға дайындығымен танысқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына жазғы демалыс науқанын уақытылы әрі сапалы ұйымдастыруды, балалардың қауіпсіздігі мен демалыс тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.