Аудан әкімі әлеуметтік нысандардың жай-күйін бақылады

Аудан әкімі әлеуметтік нысандардың жай-күйін бақылады

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, әлеуметтік нысанның жай-күйімен танысып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 «Әрбір әлеуметтік нысан талапқа сай жұмыс істеуі тиіс. Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені – жаңа ғимарат, материалдық-техникалық базасы да талапқа сай. Осы мүмкіндікті аудан тұрғындары толық пайдалануы қажет. Бұған дейін спорттық шаралар мектептердің спорт залдарында өткізіліп келді. Қазір Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және аймақ басшысының тапсырмасымен ауданда бірнеше спорт нысандары салынды. Өткен жылы осы спорт кешенімен қатар, аудан орталығындағы стадион да заман талабына сай жаңғыртылды. Ауылдық елді мекендерде спорт кешендері мен спорт алаңдары пайдалануға берілді. Бұл – мемлекеттің ауыл тұрғындарына көрсетіп отырған үлкен қолдауы. Ендігі міндет – осы нысандарды талапқа сай күтіп ұстау, жылу жүйесін, материалдық базасын дұрыс ұйымдастыру. Жастар мен тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Сондықтан бұл кешеннің мүмкіндігін толық пайдаланып, спорттық шараларға жастарды кеңінен тарту қажет», – деді А.Ибраимов.

Айта кетейік, дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өткен жылы «Қазақстан халқына» қоры арқылы Аққыр елді мекенінде спорт кешені ел игілігіне табысталды. Орталық стадионның жасанды алаңы қайта жаңғыртылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда ауданда шамамен 16 мың тұрғын, яғни жалпы халықтың 44,3 пайызы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады.

Сондай-ақ аудан спортшылары әлемдік, Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда барлығы 279 медаль иеленіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде ауданда халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 1, І разрядты спортшы – 11, ІІ разрядты спортшы – 1, сондай-ақ спорт шеберіне үміткерлер – 18.

Аудан әкімі әлеуметтік нысандарды күтіп ұстау, материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.