Туризм саласын дамыту және әлеуметтік нысандарды күтіп ұстау мәселелері талқыланды

Туризм саласын дамыту және әлеуметтік нысандарды күтіп ұстау мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте туризм саласын дамыту және 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының ауданда іске асырылу барысы, сондай-ақ бірқатар қосымша мәселелер қаралды.

Аудан әкімі жиында туризмнің өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуі тиіс екенін айтты.

 «Елімізде туризм саласы экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осыған сәйкес, биылғы жылға бекітілген даму жоспары толық әрі сапалы орындалуы қажет. Бұл бойынша ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Бұқарбай батыр ауылдық округіне қарасты «Асар» көлін демалыс аймағына айналдыру бағытында нақты шаралар қабылдануы керек. Жол бойындағы сервистік кешендердің талапқа сай жұмыс істеуі, келушілерге қолайлы жағдай жасалуы үнемі бақылауда болуы керек. Сонымен бірге, аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі нысандардың айналасын абаттандыру, олардың инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аудару қажет», – деді А.Ибраимов.

Жиын барысында аудан әкімі салаларға жауапты аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшыларына және кент, ауылдық округ әкімдеріне туризмді дамыту, тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындарды кеңінен насихаттау, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген міндеттердің ауданда сапалы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардың, білім беру ұйымдары мен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйіне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, құрылыс сапасы, инфрақұрылым, абаттандыру және күтіп-ұстау мәселелері бойынша тұрақты мониторинг жасауды тапсырды.