Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы, елдігіміздің ең қастерлі құндылығы. Бұл қасиетті мереке бізге ел бірлігі мен ынтымағының, татулық пен тұрақтылықтың маңызын терең ұғындырады. Азаттықтың арқасында Қазақстан әлемге танылған, еңселі әрі болашағы зор мемлекетке айналды.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуда. Осы игі бастамалар аясында ауданымызда да әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны күшейіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар атқарылып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы, Үкіметтің қолдауы және облыс әкімінің бастамасымен кент пен елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауылдарды газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Үкіметтің қолдауымен жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар Мемлекет басшысының шалғай елді мекендердің әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасының нақты көрінісі болып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында туған жеріміздің өркендеуі жолында адал еңбек етіп келе жатқан барша жерлестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Бүгінгі мерейлі мерекеде әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, зор денсаулық пен мол табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгі болсын!