
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов ІІ жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде Жалағаш кенті тұрғындары алдында есеп берді. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, аудан көлемінде атқарылып жатқан негізгі жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге 2026 жылға жоспарланған жобалар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Қазіргі таңда Жалағаш кентінде 45 көшеде жарық бар. Биыл М.Шаменов, І.Қабылов, С.Қалыбаев көшелеріне демеушілік есебінен түнгі жарықтандыру жүргізілді. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы, Н.Мырзалиев, Н.Әлмағанбетов және А.Иманов көшелеріндегі жарық шамдары жаңартылып, энергия үнемдейтін LED шамдарға ауыстырылды.
Дәуімбай елді мекеніндегі Ұлы Жеңістің 50 жылдығы көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға 66 млн теңгелік жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Сонымен қатар 12 көшені жарықтандыруға арналған ЖСҚ дайындалып, қаржы бөлу кезеңі күтілуде.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 4700 көшет отырғызылды, 2090 метр арық қазылып, 53 шақырым аумақ тазартылды.
Кенттің орталық алаңын реконструкциялау мақсатында құны 315,2 млн теңгелік ЖСҚ әзірленді.
Биыл 11 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге 678,7 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық атқарылды. Оның ішінде 5 көше кенттің орталық бөлігінде, 6 көше Дәуімбайда орналасқан. Демеушілік есебінен тағы бірнеше көшеге асфальт төселді.
Аудандық аурухана мен емхана үшін орталықтандырылған кәріз жүйесінің ЖСҚ дайындалып, қаржыландыруға жолданды.
«Ақтерек» учаскесіндегі 170 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға арналған құны 1 млрд 65,5 млн теңгелік жоба әзірленді.
Кездесуде кент тұрғындары аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.