Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды

Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары, сондай-ақ аймақ басшысы тарапынан берілген қосымша мәселелердің орындалу барысы қаралды.

 «Аудан бойынша 2025 жылдың 9 айында жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты. Алдағы айларда және жыл қорытындысымен жоспарланған көрсеткіштерге толық қол жеткізіп, қажетті шараларды қабылдаңыздар. Қаржыны тиімді жоспарлап, оның сапалы игерілуі аймақ басшысының да тікелей бақылауында. Межеленген экономикалық өсімнің жоспары бақылауға алынып, сапалы орындалуы тиіс. Облыстық басқармалар мен департаменттермен тығыз байланыста болып, нәтижелі жұмыс жасау қатаң тапсырылады», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеңілдетілген несие мен мемлекеттік гранттар арқылы 1 қазанға дейін 218 жобаға 2 млрд 960,5 млн теңге қаржы бөлінді.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде биыл 109,4 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 24 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, 91,9 млн теңгеге тең 15 жобаның құжаттары «Amanatnesie. kz» цифрлық платформасына енгізілді.

Сонымен қатар, жиында бұдан өзге мешіт ғимараттарының жер телімдерін заңдастыру, туризмді дамыту, жылу беру маусымын тұрақты өткізу мәселелері де қаралды.

Жиын қорытындысымен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.