Спорт күніне орай салтанатты жиын өтті

Спорт күніне орай салтанатты жиын өтті

Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Спорт күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, спортшылар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

"Мемлекет басшысының, Үкіметтің және аймақ басшылығының қолдауымен Сыр өңірінде спорт инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді.

Облыста бұл бағытқа ерекше назар аударылып, көрікті әрі заманауи нысандар бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне берілуде.

Мәселен, өткен жылы Қызылордада үстел теннисі орталығы ашылды.

Қазіргі уақытта қалада халықаралық талаптарға сай 11 мың орындық стадион, көпбейінді «Қызылорда Арена» мен бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басында аудан орталығында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, бүгін Аққыр ауылдық округіндегі спорт кешені ел игілігіне табысталды.

Сондай-ақ, кенттегі орталық алаң жаңғыртылуда.

Осы сәтті пайдаланып, өңір мерейін өсіріп жүрген бапкерлер мен спортшыларға зор алғысымды білдіремін.

Баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, толағай табыс пен биік жетістіктер тілеймін.

Еліміздің абыройын асырып, көк байрағымызды биікте желбірете беріңіздер!", – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Шара барысында үздік нәтижеге қол жеткізген чемпиондар, спорт саласының майталмандары, сала ардагерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Танымал әнші Бекзат Молдабергенов, аудан өнерпаздары және жастардан құралған шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Айта кетсек, биыл өңірде 3 республикалық, 6 облыстық және 80-ге жуық жергілікті спорттық іс-шаралар өткізілуде.

Қазіргі таңда ауданда дене тәрбиесімен тұрақты айналысатындар саны 14 мыңнан асып, бұл жалпы халықтың 40,5 пайызын құрайды.

Жерлестеріміз әлемдік, халықаралық және Азия біріншіліктері мен облыстық жарыстарда барлығы 227 медаль жеңіп алса, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 164 жүлде иеленді.