Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлік субъектілерін ашу, 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын қалыптастыру, мешіттердің жер телімдерін заңдастыру, тарихи-мәдени ескерткіштерді құжаттандыру мәселелері қаралды.
«Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар іске асырылуда. Бағдарламалар мен бастамалардың аудан аумағында сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң қадағалаңыздар. Қолдау тетіктері жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Аймақ басшысы тапсырған міндеттер мінсіз әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Статистика үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс жасаңыздар!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Мемлекеттік және өңірлік жобалар шеңберінде шағын және орта бизнесті жолға қою немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпті дамыту бағытында жеңілдетілген несие мен гранттық қаржы есебінен 2025 жылғы 1 шілдеге дейін 129 бастама 2 млрд 487,9 млн теңгемен қамтамасыз етілді. Осы орайда ауылдық округтерде инвестициялық ұсыныстарды іске асыру, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру жөнінде нақтыланған тапсырмалар берілді.
10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру мақсаты аясында аудан көлемінде арнайы жоспар бекітілді. Алайда, осы бағыттағы міндеттерді тиісті деңгейде үйлестірмеген, тапсырмаларды уақытылы орындамаған жауапты бөлім басшылары мен тиісті ауылдық округ әкімдеріне ескерту жарияланды.
Аудан бойынша қазіргі таңда 16 мешіт әділет органдарында тіркеліп, қызмет атқаруда. Ауылдық округтердегі кейбір діни нысандардың жер телімдерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес рәсімдеу шараларын шұғыл түрде аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар, аудан аумағындағы бірқатар тарихи-мәдени нысандарды құжаттап, күтімге алу бойынша нақты шаралар белгіленді.
Бұдан бөлек, су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын күшейту, кезекшілік ұйымдастырып, рейд шараларын жүйелі түрде жүргізу жүктелді.
Мәжіліс қорытындысымен жиында қаралған мәселелер бойынша тиісті сала басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бойынша бақылау аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді