Cенаторлар ауыл еңбеккерлерімен кездесті

Cенаторлар ауыл еңбеккерлерімен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов ауданға іс-сапары аясында ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерімен және шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, егін егуді әртараптандыру, егінді уақтылы күтіп-баптау, минералдық тыңайтқыштарды тиімді қолдану, суармалы суды үнемді әрі тиімді пайдалану, өнімді ысырапсыз жинау және нарыққа шығару сынды маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданда атқарылып жатқан агросектордағы жұмыстарды атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштермен таныстырды.

Айта кетейік, 2025 жылы аудан бойынша жалпы 37149 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 19764 гектарды құрап отыр. Сонымен қатар, 4850 гектар жаңа жоңышқа, 8150 гектар ескі жоңышқа, 800 гектар бидай, 600 гектар мақсары, 200 гектар қант құмайы, 65 гектар соя, 50 гектар арпа және 5 гектар сұлы егіліп, толығымен орналастырылды.

Биылғы көктемгі егіс жұмыстары «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, 11 шаруашылыққа жалпы 1525,0 млн теңге көлемінде несие берілді. Бұл – аграрлық секторды қаржылай қолдау бағытында жасалған нақты қадамдардың бірі.

Сонымен қатар, шаруашылықтар тарапынан егінді күтіп-баптауға 10400 тонна минералдық тыңайтқыш пен 22300 литр гербицид сатып алынып, уақтылы пайдаланылуда. Бұдан бөлек, 200,2 млн теңгеге 14 дана ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынды.

Ауданда инженерлік жүйеге келтірілген 33016 гектар егістік алқаптың 24000 гектарына лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2025 жылы қосымша 15000 гектар алқапқа қайтадан тегістеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылды.

Қазіргі таңда егін алқаптарына қажетті су көлемі белгіленген кезекпен алынуда.

Сонымен бірге, аудан бойынша жеке тұрғындардың өз бастамасымен бақша және картоп дақылдарын орналастыру үшін 500 гектар жаңадан жер дайындалып, көктемгі егіс жұмыстары жүргізілді.