22 наурыз күні жалағаштықтар Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. «Береке басы – Әз-Наурыз» атты мерекелік салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов қатысып, аудан тұрғындарына аймақ басшысының құттықтауын жеткізді.
Наурыз – ежелден халқымыз үшін береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған Ұлы даланың қасиетті мейрамы.
Мерекелік шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов пен аудан әкімі Ардақ Ибраимов зиялы қауым өкілдерімен және қонақтармен бірге ұлттық қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлер көріністері ұсынылып, тұсаукесер, айдар шаш алу рәсімдері көрсетілді. 100 өнерпаз оқушыдан құралған домбырашылар ансамблінің өнері көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Мереке аясында театрландырылған қойылым ұсынылып, аудан тұрғындары мейрамды жоғары көңіл күйде тойлады. Бірқатар азаматтар Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», Жалағаш ауданының «Құрмет грамотасымен» және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қазақ күресі, қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту секілді ұлттық ойындар тартысты өтті. Аудан тұрғындары киіз үйлерде жайылған ақ дастарханнан дәм татты.