Қадірменді Ағайын !

Қадірменді Ағайын !

Қадірменді Ағайын !

Облыс әкімі Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының ветеринария саласындағы қазіргі жағдайды сараптап, елді мекендердегі мәселелерімен танысудамын.

Негізгі мақсат - адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, ветеринариялық іс- шаралардың уақтылы орындалуын үйлестіру.

Арал ауданындағы ауыл шаруашылығы жануарларының өлім-жітімі орын алуына байланысты Арал ауданының әкімі Серік Сағитжанұлымен кездесу өткізіліп, мән-жай талқыланды.

Орын алған жағдайға байланысты тиісті мамандардың қатысуымен төтенше жағдай комиссиясы отырысы өткізілді және ауданда төтенше жағдай жариялау хаттамасының заңдылығы құзырлы мемлекеттік органдармен келісімделуде.

Аймақ басшысының тапсырмасымен арнайы ветеринар мамандармен 1-2 маусым күндері Беларан ауылдық округі, Ақбасты елді мекені, Қаратерең, Аманөткел ауылдарында болып, тұрғылықты халықпен кездестім. Ауыл шаруашылығы жануарларының жағдайын өз көзіммен көрдім.

Құланды, Ақбасты ауылдарында халықпен кездесу барысында соңғы жылдары қыста қар болмай, көктемде жаңбыр жаумай, жер көгермей келе жатқандығы және осының салдарынан жерде мал жейтін шөптің жоқтығы айтылды.

Мал қысқа күйсіз түскен, күйі өте төмен. Құландыда мал шығыны орын алған. Осының салдарынан малым арам өлмесін деп арзан бағаға облысымыздың басқа аудандары мен көршілес Түркістан, Ақтөбе облысына сатуда. Сонымен қатар, Ақтөбе облысында тұратын ағайындарына апарып, жайылымдарын пайдалануда.

Осы ахуалға байланысты облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бақыт Дүйсенұлы арнайы мәжіліс өткізіп, алдағы уақытта арнайы шаралар қабылдауды тапсырды. Оның ішінде бірінші кезекте жем-шөп қорын жасақтау мәселесі. Алғашқы көмек ретінде Жалағаш ауданынан жоңышқа Арал ауданының шаруаларына жеткізілуде. Дегенмен тасымал шығыны шөптің құнын өсіруде.

Сол себепті аудан әкімі төрағалығымен өткізілген комиссия отырысында шөпті тасымалдау шығынын өтеу мәселесі қаралуда.

Сонымен қатар, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарынан Арал ауданында 5 маусымда шөп жәрменкесін өткізу ұйымдастырылуда.

Осы ауылдық окрутердегі ветеринариялық пункт мамандарына тиісті көмектерді уақытылы көрсетуге тапсырмалар берілді.

Қаратерең ауылдық округінің ветеринариялық пункт мамандарымен кездесіп, ауылдық округ жағдайын білдім. Бұл ауылдық округте айнала дария мен көлдер болғандықтан малдың өлім-жітім жағдайы тіркелмеген.

Сонымен қатар, Аманөткел ауылдық округінде халықпен кездесу өткіздім. Жергілікті тұрғындар Қамбаш, Ақшатау көлдеріне 2-3 жылдан бері су құйылмағандықтан тартылғандығын, Сырдария өзенінде су деңгейінің төмендігін айтуда. Суаттағы тартылған жағадан малдар қайта шыға алмай мал шығыны болған. Қазір арнайы жасақ ұйымдастырылып жағалауларға кезекшілік орнатылды.

Сонымен қатар, мал су ішетін скважиналар қазып берсе деген ұсыныстарын жеткізді. Аудандағы қалыптасқан жағдайға байланысты ұсыныстар тиісті шараға енгізілді.

Жалпы өткен жылдан бергі қуаңшылық жағдайға қатысты осындай жағдай Маңғыстау облысында да орын алуда. Сонымен бірге, Түркістан облысында да биылғы жыл құрғақшылық болуына байланысты біздің облыстан шөп іздеушілер келуде.

Облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бақыт Дүйсенұлы арнайы селекторлық мәжіліс өткізіп, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарының әкімдеріне Арал ауданының шаруаларын шөппен қамтамасыз ету және Қостанай облысынан шөп дайындау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Аудан тарапынан алда маусым айында шөп дайындау бригадасын ұйымдастыру жоспарлануда.

Қазіргі күні малдың өлім-жітімі тоқтады, эпизоотиялық ахуал тұрақты және күнделікті бақылауда.

Бұл жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Мал-жандарыңыз аман болсын, ағайын!

Қызылорда облысының

ветеринария басқармасының

басшысы Ш. Қойшыбаев