Қойдың жұқпалы энтеротоксемиясы(Жыбырлақ) ауруы.
Ауыл шаруашылығы жануарлары Жыбырлақ ауруына күдік туғызған жағдайда иелері міндетті түрде жергілікті жердегі ветеринариялық пункт мамандарына хабарласулары қажет.
Індеттік ерекшеліктері. Ауру көбінесе көктемде, жауын-шашын мол жылдары байқалады, жас шөптің мол өсуімен байланыстырады, сирегірек жаз бен күзде кездеседі. Аурудың ерекшелігі бір жерде оқтын-оқтын қайталанып тұрады. Ауруға негізінен қоңы жақсы малдар шалдығады. Өтуі мен симптомдары. Аурудың жасырын кезеңі өте қысқа, бірнеше сағат қана, клиникалық байқауы кенеттен басталады. Қозғалыс координациясы бұзылып, денесі құрысып, аяғын басып тұра алмай құлап қалады да аяқтарын бос сермеп, бұлшық еттері құрысып, жыбырлап жатады. Осылай "жыбырлақ" атауына себеп болған. Патологоанатомиялық өзгерістер. Өлексе өте тез бұзылады. Ауызы мен танауынан қан аралас көбік шығады. Терісінде көгерген дақтар болады.
Балау. Клиникалық белгілері мен патологоанатомиялық өзгерістері ескеріледі. Зертханалық зерттеу жүргізіледі. Ажыратып балау. Топалаңнан, секіртпеден, пастереллезден, қарасаннан ажырату керек. Емі. Ауру әдетте өте жіті өтетіндіктен ем қолданылып үлгермейді. Ауру бірен-саран байқалғанда антибиотиктер қолданылады. Иммунитет. Ауырып жазылған қойда иммунитет қалыптасады.