Цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жобалар туралы брифинг өтті

Цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жобалар туралы брифинг өтті

Цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жобалар туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова айтты.

         «Цифрландыру элементтерін енгізу «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізіледі, ол бүгінгі күні «Цифрлық өмір салты (DigitEL)» Ұлттық жобасына қайта форматталуда. Қазіргі уақытта жоба келісудің екінші кезеңінен өтуде және оны қабылдау алдағы 1,5-2 айда жоспарлануда.

         Жыл сайын, жылына екі рет «Ақылды» қалалардың бастамаларын бағалау әдістемесіне сәйкес «Ақылды қалалардың» жетілуіне бағалау жүргізіледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы өңірлер рейтингінде 8-орынды (61%) иеленді.» - Юлия  Тремасова.

«Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында 11 бағыт бойынша «Smart City» жобалары іске асырылуда. Оның 6-ы басым және 5-і қосымша.

Білім беру саласында білім беру мекемелері 100% компьютерлермен жабдықталған. Қызылорда облысының 293 мектебінде интернет желісіне қолжетімділік 100% - ды құрайды.

«Қауіпсіз мектеп» жобасы бойынша 2020 жылы қала мен аудандардың 63 мектебінде бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарының I кезеңі аяқталып, Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығымен ықпалдастыру жүргізілді. Сондай-ақ, II кезеңде Қызылорда қаласының 30 мектебінде бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету және полиция департаментінің жедел әрекет ету орталығымен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Қазіргі уақытта аудандық деңгейге дейінгі және аудандық деңгейден төмен барлық медициналық ұйымдар 100% компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген және 4 мегабит/сек кем емес жылдамдықпен 86,2% интернетпен қамтылған.

 Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты 13 медициналық ұйымға 2020 жылы PACS жүйесі енгізілді. 2021 жылдың 4 айында PACS жүйесіне 18 132 электронды сурет – рентген, момография, МРТ, КТ суреттері сақтауға келіп түсті және мұрағатталды.

2020 жылы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласында 13 стационарлық «Аркан» жылдамдық өлшегіштерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.

2021 жылы 4 айында 12658 құқық бұзушылық анықталып, оның 8731 бойынша айыппұл салынды.

Сондай-ақ, 2021 жылы 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш орнату жоспарлануда.

Қызылорда қаласының білім беру ұйымдарында 1292 бейнебақылау, денсаулық сақтау ұйымдарында 703 бейнебақылау, көп пәтерлі тұрғын үйлерде 992 бейнебақылау құралдары орналастырылған. Олардың 692 бейне бақылау құралдары жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған, қалған бейнебақылау құралдарымен ықпалдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Көлік саласында «Қызылорда қаласының қоғамдық көліктеріне электронды билеттеу жүйесін орнату» жобасын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі  аясында «AlemPay» ЖШС-ның (Алматы қ.) жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта «Қызылорда Автобус Паркі» ЖШС-нің 114 автобусына стационарлық валидаторлар мен электрондық билеттеу жүйесінің терминалдары орнатылды.

Бүгінгі күні жолаушылар төлемді Kaspi.kz, Halyk bank қосымшалары және Activ, Kcell (кэшбэк-25 теңге), Beeline (кэшбэк - 10 теңге) мобильді операторларының қосымшалары арқылы онлайн режимде жүргізеді, сондай-ақ көлік карталары мен SMS-тер арқылы.

2021 жылғы 1 қаңтардан 20 мамырға дейін жалпы сатылған билеттердің саны 1 191 244 болса, қолма-қол ақшасыз тәсілмен жол ақысын төлеудің 470 387 транзакциясы жүзеге асырылды,бұл сатылған билеттердің жалпы санының шамамен 40% - ын құрайды.

Тұрғын-үй коммуналдық кешені саласында көп пәтерлі тұрғын үйлерді «Ақылды» есептеуіштермен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Қызылорда қаласында 815 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде:

- жалпыүйлік электр энергиясын есептеу құралдары - 689 (оның ішінде 676 «ақылды» есептегіштер);

- жалпыүйлік су есептегіш құралдары 394 үйде орнатылған (оның ішінде 107-сі деректерді қашықтықтан береді);

- орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылған 717 КПТҮ-нің 330 үйіне (49,1%) 352 (оның ішінде 181 «ақылды» есептегіш) жылу есептегіш құралдары орнатылды.

Бұл жоба 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, жыл сайын көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы санының 25%-ы жүзеге асырылуы тиіс.

Брифинг барысында Юлия Тремасова call-орталықтарының жұмысына тоқталып өтті.

2019 жылы елімізде бірінші болып «Бірыңғай кезекшілік - диспетчерлік қызмет-112» құру жобасы іске қосылды. Жоба «112» қысқа нөміріне бір қоңырау шалу арқылы барлық шұғыл қызметтерді (101,102,103,112 қызметтері) шақыруға бағытталған.

 «Бірыңғай кезекшілік - диспетчерлік қызмет-112» жобасы іске қосылғалы 1 260 687 қоңырау тіркелді.

2020 жылдан «109-бірыңғай байланыс орталығы»жұмыс істейді, ол қала тұрғындары мен қонақтарынан барлық коммуналдық мәселелер бойынша «109» бірыңғай нөмірі арқылы өтінім қабылдайды.

Жыл басынан бері 37 432 өтінім қабылданды. Оның ішінде 106 өтінім Instagram (kyzylorda109), WhatsApp чат-боты және Telegram-бот парақшалары арқылы алынды. «Көмек-109» бағдарламасы қаланың 12 коммуналдық кәсіпорнына орнатылды.

Сондай-ақ, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар айтылды.

Бүгінгі таңда облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 200-і (87%) кең жолақты интернетпен қамтылған.

Атап айтқанда:

- халық саны 250 адамнан асатын 173 елді мекеннің 164-і (94%);

- халық саны 250 адамнан кем 57 елді мекеннің 36-сы (63%).

Қазіргі уақытта 250 адамнан астам халқы бар, 3G және 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілмеген 9 АЕМ ғана проблемалық болып қалуда.

2021 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында Билайн компаниясымен осы шағын ауданның тұрғындарын мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін базалық станция салынды.

Қызылорда облысының IT-паркінде IT-стартаптарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.  2021 жылы стартаптар санын арттыру мақсатында IT-парк сайты құрылып, (https://it-park.kz/) онда жаңа стартап-жобалар мен стартаперлерді тіркеу, өтінім беру мүмкіндігі қарастырылды.

Бүгінгі таңда IT-парк орталығының аумағында IT-қызметтің әртүрлі бағыттарының 13 резиденті жұмыс істейді. Сонымен қатар, IT-парк резиденттері Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің ресми серіктесі болды.