Қазақстан мен Тәжікстан қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Тәжікстан қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастықты нығайтуда

Тәжікстан Республикасының Президенті елімізге сапары қарсаңында бизнес-форум аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы қоршаған ортаны қорғау Комитетінің төрағасы Шерализода Баходур қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Осы құжатқа сәйкес тараптар өздерінің ұлттық экологиялық саясатын назарға ала отырып, өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес теңдік, өзара пайда негізінде ынтымақтасатын болады.

Ынтымақтастық халықты экологиялық ағарту бойынша оқыту семинарларын өткізуді, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік экологиялық реттеу мен бақылауды жетілдіруді, экологиялық таза ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуді, заңнаманы жетілдіруді, бірлескен зерттеу бағдарламаларын және тәжірибе алмасуды көздейтін бірнеше бағытта жүргізілетін болады.

Қазақстан климаттың өзгеруіне және су ресурстарының ағынына – экономика мен әлеуметтік әл-ауқат негіздеріне және табиғи экожүйелердің тұрақтылығына тәуелді ел ретінде өңірлік ынтымақтастыққа ерекше мүдделі.

Тараптар сондай-ақ екі республика арасындағы экология және орнықты даму саласындағы ынтымақтастық біздің табиғатты сақтауға және азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге деген ортақ ұмтылысымыздың маңызды элементі болып табылатынын атап өтті.