
Бүгін Әдеп жөніндегі уәкіл Бағдат Әбдіқадырдың ұйымдастыруымен өткен жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Жұлдыз Мұхамбетжанова қатысып, баяндама жасады.
Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің негізгі талаптарын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары өткізілді.
Жиында мемлекеттік қызметті дамытудың негізгі бағыттары, мемлекеттік лауазымдардың жіктелуі, конкурстық рәсімдерді жетілдіру, мемлекеттік қызметшілерді бағалау, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және тәртіптік практика мәселелері қамтылды.
Сонымен қатар қызметтік әдеп стандарттарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің заңда белгіленген шектеулерді сақтауы, мүдделер қақтығысын болдырмауы, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық танытуы, мемлекеттік мүлікті тек қызметтік мақсатта пайдалануы және қызметтен тыс уақытта да жалпыға бірдей моральдық-әдептілік нормаларын ұстануы қажеттігі түсіндірілді.
Мемлекеттік қызметшінің сырт келбеті, мінез-құлқы мен қызметтік қарым-қатынасы мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі тиіс. Осыған байланысты қатысушыларға заңнама талаптары мен әдеп нормаларын қатаң сақтау қажеттігі айтылды.