Қалдықтарды басқару бойынша мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

Қалдықтарды басқару бойынша мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

Ағымдағы жылдың 17 маусым күні облыс әкімдігінде «ЭкоҚолдау» төлемдер бағдарламасы және жылдық 3 пайызбен жеңілдетілген несие арқылы қоқыс таситын арнайы автокөліктерді алу шарттары бойынша мәжіліс өтті.

Мәжілісте Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Бақтығалиұлы төрағалық етті.

Аталған бағдарламалардың негізгі мақсаты – қалдықтарды басқару саласының тиімділігін арттыру, кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайту, қайта өңдеу көлемін арттыру және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту.

Мәжіліс барысында «ЭкоҚолдау» бағдарламасы аясында қағаз, картон, шыны, пластик және басқа да қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды жинаумен айналысатын кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Бұл бағдарлама кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға, қайта өңдеу саласын дамытуға және полигондарға орналастырылатын қалдықтар көлемін қысқартуға бағытталған.

Сонымен қатар, қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін көрсететін кәсіпорындар үшін арнайы техникаларды сатып алуға арналған жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері таныстырылды. Бағдарлама аясында қалдықтарды тасымалдауға арналған арнайы автокөліктерді жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа техникаларды сатып алу кәсіпорындардың техникалық паркін жаңартуға, қалдықтарды уақытылы жинауға, тасымалдау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді.

Жиынға Астана қаласынан арнайы келген «Жасыл Даму» акционерлік қоғамының және Өнеркәсіпті дамыту қорының өкілдері қатысты. «Жасыл Даму» АҚ бас маманы Шыныбай Бахтияр Жәнібекұлы «ЭкоҚолдау» бағдарламасын іске асыру шарттары бойынша түсіндірме берді. Сондай-ақ, Өнеркәсіпті дамыту қорының өкілі Ормышев Әлібек Серікбекұлы 3 пайызбен жеңілдетілген несие арқылы қоқыс таситын автокөліктерді алу шарттары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, бағдарламаларға қатысу тәртібі, қажетті құжаттар тізбесі, өтінім беру жолдары және қаржыландыру тетіктері жан-жақты түсіндірілді.

«ЭкоҚолдау» бағдарламасы мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қалдықтарды басқару саласын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға және өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қолдау шараларының бірі болып табылады.