Әкімдік отырысы өтті

Әкімдік отырысы өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, 2 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралмас бұрын Берік Әбдіғаппарұлы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы міндетін атқарып келген Азамат Жұмабековтың басқа қызметке ауысуына байланысты аудан дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыс етті.
Сондай-ақ, отырыс басында аудан әкімінің 2024 жылғы 1 сәуірдегі №56 өкімімен аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған Ербол Бөлебаев таныстырылды.
Әкімдік отырысында бірінші мәселе – «Аудан бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту» туралы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Ордабаев хабарлама жасады.
Аудан бойынша ағымдағы жылдың 1 сәуірдегі жағдайы бойынша мемлекеттік бюджет болжамы 1664,9 млн. теңге болып бекітілсе, 1 тоқсанда бюджетке 2076,8 млн. теңге түсім қамтамасыз етіліп, 124,7%-ға артығымен орындалған. Ал жергілікті бюджет жоспары 123,6%-ға орындалып отыр. Б.Ордабаев салық базасын ұлғайту бойынша жасалған талдау жұмыстары нәтижесін атап көрсетті.
Аудан әкімі салық базасын ұлғайтуға жауапкершілікпен қарау керек екенін жеткізді.
– Бюджетті тиімді жоспарлау арқылы экономикамызды ілгерілетеміз. Осыған байланысты аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев салық базасын ұлғайтудың барлық көздерін қарастыруды қатаң тапсырды. Осы ретте, бюджет түсімінің өсімі бірінші кезекте жеке бизнес қызметін заңдастыру, инвестиция тарту, нақты салықтық базаны анықтау арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан қосымша кірс көздерін іздестіріп, межелі түсімдерге қол жеткізу қажет. Ол үшін кент және ауыл әкімдері, жауапты мамандар өз құзыреті шегінде аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруға аса жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
«Тереңөзек кенті әкімдігінің атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы» екінші мәселе бойынша Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров хабарлады. Өткен жылы аудан орталығында «Майжарма» каналын, «Сыр сұлуы» монументін абаттандыру, А.Иманов көшесіндегі көпкабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту, көшелерді жөндеу, жарықтандыру және басқа да ауқымды жұмыстар атқарылған. Ал бүгінде аяқ сумен қамту үшін «Айтбай арық» каналын қазу, «Тереңөзек тазалығы» мекемесі құрылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Биыл да ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.
Аудан басшысы Тереңөзек кентін көркейту бағытында жоспарланған жұмыстарды уақытылы атқаруды, жастарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтуды тапсырды.
Мұнан соң отырыста көктем мезгіліндегі жыл сайын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру және мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, көгалдандыру және санитарлық тазалыққа бағытталған «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысу керектігі айтылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.