Мереке күндері 3 сәби дүниеге келді

Мереке күндері 3 сәби дүниеге келді

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекеде облыс бойынша 130 сәби дүние есігін ашса, ауданда 3 нәресте өмірге келді. Мерейлі мерекеде отбасыларды қуанышқа бөлеген сәбилерге президенттің атынан «сүйінші» сыйқорабы тапсырылды.
Аудандық перзентханада сыйлықты жаңа босанған аналарға ауданның бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Қызылорда облысы бойынша филиалы Сырдария аудандық бөлімі басшысының орынбасары Салтанат Бекжүнісова және аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әдіскері Баян Райымова мен «Қазпошта» АҚ Сырдария аудандық филиалының мамандары Жадыра Орынбаева, Дәурен Қыстаубаев арнайы барып табыс етті. Ауданның бас дәрігері аналарды мерекемен құттықтап, Президенттің құттықтауын оқып берді.
Мемлекет басшысының құттықтауында «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Сен өз еліңнің ең бақытты кезеңінде өмірге келдің. Сол сәттен бастап ата-анаң мен жақындарыңның мейіріміне және қамқорлығына бөлендің. Сен болашақта егемен елдің еркін ұланы болып өсесің. Есейгенде отбасыңның мақтанышы, жұртыңның арқа сүйер азаматы боларыңа кәміл сенемін. Саған бақытты әрі ұзақ
ғұмыр тілеймін! Өмірің жақсылыққа толы болсын!» делінген.
Мерейлі мерекеде Сандуғаш Жанқуатова, Қаламқас Аймақова, Рауан Кеңесова босанып, Жантөре, Аяна, Батырхан есімді бөбектерді дүниеге әкелді. Айта кету керек, С.Жанқуатова бесінші баланы дүниеге әкелсе, Қ.Аймақова алтыншысын босанып, көп балалы ана атанды. Ал Р.Кеңесова тұңғыш сәбиін өмірге әкеліп, зор қуанышқа кенеліп отыр.
Еліміздің ең басты мерекесінде қуанышқа кенелген аналар құттықтау мен сыйлыққа өз алғыстарын білдірді.
Атап өтейік, «Сүйінші» сыйқорабына Мемлекет басшысының құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және бөбектерге қажетті бірқатар заттар салынған.