Мерекелік жиындар өткізуге тыйым салынған.

Мерекелік жиындар өткізуге тыйым салынған.

Бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде аудандағы эпидемиологиялық ахуал және бүгінгі соңғы қоңырау күнінде қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесі қаралды. Мәжіліске ауыл әкімдері мен мектеп директорлары «Zoom» арқылы қатысты.
Жиында аудан басшысы қазіргі таңда аудандағы эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түсіп келе жатқанымен, босаңсуға болмайтынын жеткізді. Әлі де болса жағдайдың күрделілігін ескеріп, карантиндік талаптарды сақтауды атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы мониторингтік топ жұмыстарын қарқынды жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Топ мүшелері түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізіп, ауданда сақтық шараларының сақталуына жауапкершілікпен қарауды жеткізді.
Мәжілісте аудан әкімі бүгінгі соңғы қоңырау мерекесінде ауданда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
– Бүгін мектеп бітіруші түлектер алтын ұямен қоштасты. Салтанатты жиындар карантиндік талаптарға сай өткізілді. Енді осы салтанатты шарадан кейін кешкілік жиындар өткізуге тыйым салынған. Сондықтан жас түлектердің жиналып, мерекелік іс-шаралар өткізуіне болмайды. Осыны құқық қорғау органдары, ұстаздар мен ата-аналар назарда ұстауы тиіс. Бұған жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздікті назарда ұстауымыз қажет, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.
Сонымен қатар, аудан басшысы мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл болған түлектердің аудан көлемінде басқосулар ұйымдастыруына шектеу қоюды атап көрсетті. Осыған қатысты кәсіпкерлерге ескертуді атап, жиынға қатысушыларға нақты тапсырмалар жүктеді.