Бүгін аудандық мәслихаттың кезекті 5 сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов және карантиндік талаптарға сәйкес аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдері онлайн қатысты. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы төрағалық етті. Оның күн тәртібінде 7 мәселе қаралды.
Күн тәртібінде 2020 жылға арналған аудандық бюджеттің және кент пен ауылдық округтерінің бюджеттерінің атқарылуы туралы есептерін бекіту, аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жұқпалы ауруларының белең алуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №468 шешіміне өзгерістер енгізу, Сырдария ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және әкету тарифтерін бекіту, Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі №430 шешіміне өзгерістер енгізу, «Аудандық мәслихаттың 2021 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын бекіту» мәселелері бойынша тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдері хабарлама жасады. Мәселелерге қатысты халық қалаулылары сұрақтар қойып, тиісті жауаптар берілді.
Сессия барысында аудан әкімі Т.Дүйсебаев сөз сөйлеп, биыл ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілетінін атап, олардың сапалы салынуына тұрақты бақылау жүргізу керектігін атады. Осы жұмыстарға халық қалаулылары атсалысатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, аудан басшысы қазіргі жағдайға қатысты ауданда вакцина салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Індеттен құтылудың тиімді жолы екпе салдыру екеніне тоқталып, вакцина қабылдауда депутаттарды белсенділік танытуға шақырды.
Өз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов аудандағы эпидахуалдың өте күрделі екенін атап, тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау жұмыстарын түсіндіруге бір кісідей жұмылу қажеттілігін айтты.
Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралып, аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы сайланды.