Жаппай сенбілік аясында тал егу жұмыстары жүргізілді

Жаппай сенбілік аясында тал егу жұмыстары жүргізілді

Бүгін аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке сырдариялықтар белсенді қатысып, «Таза табиғат», «Мекенім – жасыл елім» акциялары аясында тал егу жұмыстарына атсалысты.
Жаппай ағаш отырғызу шарасына аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме қызметкерлері мен жастар қатысты.
Қазіргі таңда тал егу жұмыстарына арнайы аймақтар белгіленіп, оған тиісті мекемелер бекітілді. Осыған байланысты аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей жанынан жаңа жер ашылып, ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, аудандық мешіт алдына да тал егу жұмыстары жүргізілді. Тереңөзек кентіндегі Ғ.Мұратбаев көшесі бойындағы саябақ арам шөптерден тазартылды. Жалпы, бүгін әрбір мекеме өзіне бекітілген жерге ағаш отырғызды.
Игілікті іске аудандағы шаруашылықтар да атсалысуда. Атап айтқанда, «Қызылдихан» шаруа қожалығы №131 Талғат Қозыбаев атындағы мектеп жанынан арнайы жер ашып, шаруашылық қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар 1000 түп ағаш екті.