Соңғы кездері аудан көлемінде жарықтың жиі сөнуі орын алуда. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев тиісті сала басшыларымен Тереңөзек кентіндегі қосалқы станциялардың жай-күйімен танысты.
Аудан басшысына аудандық электр торабының басшысы Нұрлыбек Кәкім ақпарат берді.
– Аудандық электр торабына қарасты 10/04 кВ қосалқы станциялар 1968 жылдан бері тұтынушыларға электр энергиясын тұрақты беруде. Пайдалану уақыты ұзарған сайын қосалқы станция құрылғыларының сапасы төмендеп, тозығы жетуде. Осыған орай Тереңөзек кенті, Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылындағы қуаттылығы әртүрлі қосалқы станцияларды жаңарту қажеттілігі туындап отыр, – деді Н.Кәкім.
Бүгінгі таңда ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Соған байланысты 1973 жылы қолданысқа берілген Аманкелді, Шаған, Қоғалыкөл және А.Тоқмағамбетов ауылдық округтеріндегі электр желілерінде электр энергиясының жиі ажырауы орын алуда. Жалпы, аудан көлемінде 155 қосалқы станция болса, олардың 37-і Тереңөзек кентін жарықпен қамтуда. Мамандардың айтуынша, кенттегі қосалқы станцияның 3-ін ауыстыру қажет.
Соңғы кездегі жағдайға байланысты аудан басшысы жарықты сапалы беру керектігін атады.
– Аудан орталығы мен елді мекендерде жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Өзекті мәселені жедел шешуіміз керек. Сондықтан қосалқы станцияларды жаңартуға жұмыс жүргізіп, элект энергиясын тұрақты беру қамтамасыз етілуі тиіс. Қазір Тереңөзек кентінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Жарық болмаса газ пештері жұмыс жасамайды. Сол себепті қосалқы станцияларды кезең-кезеңімен жүйелі түрде жаңарту қажет, – деді аудан басшысы.