Облыс әкімі Сырдария ауданына сапарлап, Тереңөзек кентін көгілдір отынға қосу рәсіміне қатысты

Облыс әкімі Сырдария ауданына сапарлап, Тереңөзек кентін көгілдір отынға қосу рәсіміне қатысты

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.

Алдымен аймақ басшысы Жетікөл ауылдық округіне ат басын бұрып, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде жүзеге асқан тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Корпорация Әлем-Құрылыс» ЖШС қолға алған жобаның құны 144,5 млн.теңгені құрайды. Қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары арқылы 18 жұмыс орны ашылған. Ауыз су құбыры мұнарасында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Жетікөл елді мекенінің тұрғындары үшін маңызды тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жұмыстарының орындалу барысын баяндады.

Мұнан кейін, облыс әкімі ауылдық округтегі №174 орта мектептің және «Балауса» шағын орталығының жұмысымен танысты. 320 орындық мектепте 158 оқушы білім алады. Оқу ордасы жанынан 25 орындық «Балауса» шағын орталығы ашылған. Бүгінгі күні мектепте

60 қызметкер, шағын орталықта 11 маман жұмыс атқарады. Гүлшара Әбдіқалықова шағын орталықтың жұмысын бағамдап, балалардың сақтығы мәселесіне жете мән беруді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Тереңөзек кентіне барып, кенттегі газ құбырлары және кварталішілік газ құбырларының құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарына көгілдір отын беру рәсіміне қатысты.Жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын Тереңөзек кентіндегі кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылысы 2019-2020 жылдары жүзеге асты. Облыс әкімі 11 мыңнан астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген айтулы күнде сырдариялық тұрғындарға табыс тілеп, қуаныштарына ортақтасты.Елді мекендерді газға қосу кезең-кезеңімен іске асады. Сырдария ауданында жоба бойынша бірінші кезекте Тереңөзек кентіне жақын орналасқан Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов және Сырдария өзенінің оңтүстігіне газ құбырын өткізіп, Шаған елді мекені көгілдір отынға қосылады.