Қарт майдангерді мерейлі жасымен құттықтады

Қарт майдангерді мерейлі жасымен құттықтады

Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров 99 жасқа толды. Осы мерейлі жасымен майдан куәгерін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев құттықтады. Аудан әкімімен бірге аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы арнайы барды.
Аудан басшысы сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді.
– Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Сіздің сұрапыл соғыста жүріп өткен жолыңыз кейінгі буынға бейбіт өмір сыйлады. Сондықтан Сіздің өскелең ұрпақ үшін жасаған ерлігіңіз әркез зор құрметке лайық. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік белесіне жарқын көңіл, үлкен қуанышпен алып келді. Ғасырға жуық өміріңізде талай белестерден табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі болып отырсыз. Мерейлі жасыңыз құтты болсын!, – деген аудан әкімі Құттықтау хат табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Өз кезегінде мерейтой иесі соғыс жылдарындағы естеліктерін айтып, енді соғыс болмауын тіледі. Мерейлі жасымен құттықтаған аудан басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.