Құрылыс саласының мамандарына құрмет көрсетілді

Құрылыс саласының мамандарына құрмет көрсетілді

«Руханият» орталығында Құрылысшылар күні кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен салтанатты шара өтті. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауданның құрылыс саласының ардагерлері мен сала қызметкерлері қатысты.
Аудан басшысы құрылыс саласының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңыздылығына тоқталып, құрылысшылардың елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыруда, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуда атқарып жүрген еңбегінің айрықша екенін атап өтті.
– Құрылыс – бүгінде облыс экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Құрылысшылардың еңбегі ел экономикасының дамуы үшін зор маңызға ие. Тұрғын үйлер, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы нысандарын салуда сала мамандарының еңбегі өлшеусіз. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Сыр болашағы. Құзыреттілік орталығы» ғимараты пайдалануға берілді. Президент саябағында 300 орындық, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері бой көтеріп, балалардың игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ саябақта Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында өңірдегі құрылыс қарқынын жоғары бағалап, Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана мен жаңа драма театр салуды тапсырған болатын. Бүгінде аталған нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауданның дамуына еңбек етіп, жаңа нысандардың бой көтеруіне үлес қосып жүрген барша құрылыс саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шара барысында аудан басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрмет грамотасымен», облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен сала ардагерлері мерекелік лебіздерін білдірді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.