Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Астана күнімен құттықтауы!

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Астана күнімен құттықтауы!

Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды еліміздің еңселі мерекелерінің бірі – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана – Тәуелсіз Қазақстанның еңсесін тіктеп, елдігімізді әлемге танытқан тарихи жетістігіміздің жарқын көрінісі. Қысқа уақыт ішінде бас қаламыз қарқынды дамып, мемлекетіміздің саяси, экономикалық, мәдени және қоғамдық өмірінің басты орталығына айналды. Бүгінде Астана – жасампаздықтың, жаңғырудың және елдің жарқын болашағына деген сенімнің символы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының басты негізі – әділетті мемлекет құру, экономиканы әртараптандыру, өңірлердің әлеуетін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін үнемі атап келеді. Осы стратегиялық бағыттарды жүзеге асыру жолында ауданымыздың тұрғындары да аянбай еңбек етіп, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Бірлігіміз бен ұйымшылдығымыздың арқасында ауданымызда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қадірлі жерлестер!
Бірлік пен татулық – мемлекетіміздің ең басты құндылығы әрі тұрақты дамудың берік кепілі.
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік, Астанамыздың мерейі үстем, халқымыздың бірлігі бекем болсын!
Астана күні құтты болсын!