Асқар Тоқмағанбетов ауылында Әз Наурыз мерекесі өтті

Асқар Тоқмағанбетов ауылында Әз Наурыз мерекесі өтті

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Асқар Тоқмағанбетов ауылында Әз Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. іс- шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар және ауыл тұрғындары қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі бекітілді. Бүгінде ұлттық мерекеміз 10 күн бойы тойлануда. Наурыз – ежелден халқымыз үшін береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған Ұлы даланың қасиетті мейрамы. Жаңарған Қазақ елінің ертеңі мен болашағын жалғайтын ұлттық мереке.

Бұл күн – қыстан «аман шықтық» деп, ала қыстай сақтаған дәм-тұзын бір қазанға тоғыстырған, елге мерей, жұртқа мейір сыйлаған күн. «Дәстүрім – дәулетім, салтым – санам» дескен халқымыз бұлақ көрсе көзін ашып, тамырына ақ құйып ағаш отырғызған.

Жақсылықтың, оң өзгерістердің, игі істердің, ізгіліктің жаршысы болған, жаңару мен жаңғырудың символына айналған Әз-Наурызымыз ұлан-ғайыр даламызға, байтақ елімізге, туған жерімізге құтымен, ырыс-несібе, берекесімен келсін,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтауға, береке мен бірлікті нығайтуға бағытталды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін ұлттық ойындар ойнатылып, қазақтың әдет-ғұрыптары дәріптелді.

Сонымен қатар, бірқатар ауыл ардагерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Мереке ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты.