Ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді

Ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жылдағы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік қабылдауда ауданның дамуына қажырлы еңбек еткен ардақты аналарды құттықтады. "Руханият" орталығындағы мерекелік қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, ақ жаулықты әжелер мен көпбалалы аналар, түрлі сала өкілдері қатысты.
Аудан басшысы елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда әзиз аналардың орны бөлек екенін, ардақты жандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– «Отан – отбасынан басталады» десек, отбасының тілегі де, жүрегі де – Аналар. Оларды адамзат өміріндегі ең жоғарғы құндылықтар – Отанға, Жерге, Тілге, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне теңейміз. Қашанда еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған Анадан құдіретті, Анадан ардақты, Анадан аяулы ешкім жоқ. Тiршiлiктiң тiрегi, отбасының берекесi, барша адамзаттың тәрбиешiсi – Ана.
Мемлекет басшысы «Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады» деп атап өтті. Тарихтың қай парағын ақтарсақ та текті аналарымыздың өнегелі істері мол. Бегім ана мен Домалақ ана, Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу, Тұмар мен Зарина ханшайымдар, кешегі Әлия мен Мәншүктердің бейнесі ұрпақ санасында. Сырдария ауданында ақыл мен парасаттың, әдемілік пен әділдіктің, ауызбіршілік пен сыйластықтың үлгісін қалыптастырған ардақты аналардың өнегелі өмірі аңызға айналып, ел аузында. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол сан түрлі мәселелерге де белсене араласатын қоғам мүшесі. Осы орайда, қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып жүрген аналарымызға, қыз-келіншектерге зор алғысымызды білдіреміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов мерекелік лебіздерін жеткізді.
Мерекелік қабылдауда ардақты аналар Ұлмекен Жанәлиева, Бексұлу Синаева өздерінің ризашылықтарын білдіріп, көктемнің шұғылалы мерекесінде ізгі тілектерін арнады.
Мерекелік іс-шарада ақ жаулықты аналарға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, бірқатар ана "Алтын" және "Күміс" алқамен марапатталды.