«Халықтық конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында кездесу өтті

«Халықтық конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында кездесу өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Республикалық референдум аясында «Халықтық Конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында кездесуі өтті. Оған аудан прокуроры Абай Алимбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында аудан басшысы жаңа Конституция жобасындағы жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейінгі ауқымды саяси реформалардың жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты ұстанымдарын жеткізген болатын. Елдігіміздің басты нышаны саналатын жаңа құжат жобасында «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқын көрініс тапқан. Жаңа Конституцияда әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Жаңа Ата Заң жобасының басты өзегі – адамға бағдарланған мемлекет құру және тұрақты даму қағидаттарын орнықтыру. Алдағы референдум – қоғам үшін маңызды тарихи таңдау. Әрбір азаматтың белсенді қатысуы ел болашағын айқындауда айрықша рөл атқарады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жаңа Конституцияда көзделген бағыттар бойынша аудан прокуроры А.Алимбаев, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, “AMANAT” партиясының атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы, мәдениет саласының ардагері С.Сәдуақасов және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ж.Сәркеева сөз сөйлеп, Конституциялық өзгерістердің ел болашағы үшін маңызды екеніне тоқталды. Олар жаңа бастамалар құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын атап айтты.