Аудан әкімі қазақстанның құрметті журналисі, ақын Мұхтар Сақтаповты 90 жас мерейтойымен құттықтады

Аудан әкімі қазақстанның құрметті журналисі, ақын Мұхтар Сақтаповты 90 жас мерейтойымен құттықтады

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповты 90 жас мерейтойымен арнайы құттықтап барды. Аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, “АМАНАТ” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар барып, құттықтау лебіздерін жеткізді.
Аудан басшысы Қазақстанның Құрметті журналисінің қазақ поэзиясына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
– Өмір жолының айтулы белесіне парасат пен табандылық арқылы жетіп отырсыз. Қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосып, поэзия әлемінде өзіндік биігіңізді қалыптастырдыңыз. Сіздің өлеңдеріңіз арқылы талай буын рухани тәлім-тәрбие алып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттырды. Соның айқын дәлелі – «Тереңөзек» атты өлеңіңіздің барша жерлестер үшін рухани құндылыққа айналып, туған өлкенің гимні ретінде қабылдануы. Біз Сізді кейінгі ұрпаққа өнеге болатын ардақты тұлға деп білеміз. Сонымен қатар, Сіздің қазақ журналистикасының қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Қаламыңызбен де, еңбегіңізбен де өңір руханиятының өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Торқалы тойыңыз құтты болсын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы мерейтой иесіне «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалі мен мерекелік “Құттықтауын” табыс етті. Халқымыздың игі дәстүрі бойынша шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Сырдария ауданының Құрметті азаматы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде үзіліссіз 40 жыл жұмыс жасап, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, баспахана директоры қызметтерін абыроймен атқарды. «Көңіл шуағы», «Қайырлы таң, туған жер!» секілді бірнеше жыр-жинақтарының авторы - «Қазақстанның Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 65, 70 жылдығы», «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері.
90 жасқа толған мерейтой иесі Мұхтар Сақтапов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, батасын берді.