
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «AMANAT» партиясының актив жиыны өтті.
Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай,«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, аудандық мәслихаттың, партияның аумақтық филиалының төрағасы, партия ардагерлері, БПҰ жетекшілері қатысты.
Актив отырысында аудан әкімі партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Ағымдағы жылдың 30 қазанында Президентіміз облысымызға жұмыс сапарымен келіп, аймақтың дамуымен танысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд. теңгені құраса, бүгінде 13,2 млрд. теңгеге жетті.Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылды.Ауданның өнеркәсіп орындары 93,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсіпі 13,1 млрд. теңгені құрады.Аудан экономикасына өткен жылы 75 млрд. теңге инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 83,3 млрд. теңге болды.Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 25,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,2 пайызды құрады.Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар аясында 5,4 млрд. теңгеге 189 жоба бойынша қаржылай қолдау көрсетілді. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша биыл Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына облыстық бюджеттен 661,4 млн. теңге бөлініп, елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоба құны 490,5 млн. теңгені құрайтын Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары атқарылып, көрсеткіш 62 пайызға төмендеді.Ауданды абаттандыру жұмыстары бюджет көздерінен және бюджеттен тыс демеушілік арқылы қарқынды жүргізілуде.Тереңөзек кентінде 15 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жалпы құны 350 млн. теңгеге 8 елді мекенде ойын алаңдары салынса, Бесарық пен Н.Ілиясов ауылының кіреберістері түнгі жарықпен қамтылды, Іңкәрдария мен Сәкен Сейфуллин ауылында орталық алаң абаттандырылған болатын.Бұл бағытта «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы жобаларды жүзеге асыруды Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен, жетекші партия мүшелерімен бірлесе отырып жалғастыратын боламыз деді,-Берік Әбдіғаппарұлы.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай партия активі алдына сайлауалды уәделердің орындалуын қатаң бақылауға алу, қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындардан келіп түсетін өтініштердің оң шешілуіне ықпал ету туралы айтты. Сондай-ақ партиялық жобаларды жүзеге асыру барысында сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізу, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейтіп, олардың рөлін арттыру қажеттігіне назар аударды. Партия атынан ұсынылған ауыл әкімдерінің жауапкершілігін күшейтіп, сайлауалды уәделерінің орындалуына жұмыс жасау жөнінде міндеттер қойды.
Өз кезегінде партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекші Ақтөре Ибрагимұлы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар партия ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Балшекер Өтегенова сөз сөйледі.
Жиында партия қатарына жаңадан қабылданып жатқан азаматтарға партия билеті табысталып, белсенділер Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапатталды.