
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, алдымен кадрлық өзгерістер таныстырылды.
– «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі Тереңөзек учаскесін басқарып, жауапты қызмет атқарған Бекнұр Искаков басқа қызметке ауысуда. Бекнұр Ақылбекұлы қызмет барысында аудан тұрғындарын табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету, газ желілерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Аудан әкімдігімен бірге күрделі мәселелерді шешуге, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге үлкен үлес қосты. Өзімнің және аудан халқы атынан Сізге атқарған еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы Б.Искаковты "Алғыс хатпен" марапаттады.
Мұнан соң аталған саланың жаңа басшысы таныстырылды. «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі директорының бұйрығымен «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі Тереңөзек учаскесінің директоры қызметіне Еркебұлан Есенкелді тағайындалды. Еркебұлан Есенкелдіұлы 1985 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Бұған дейін аталған мекемеде шебер, 2021-2025 жылдары учаске директоры қызметтерін атқарды. Бүгіннен бастап учаске директоры қызметіне қайта тағайындалды.
Аудан әкімі Е.Есенгелдіге жұмысына сәттілік тілеп, ауданда газдың үздіксіз берілуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, газ қысымының төмен болмауын бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.
Мәжілісте микро және шағын бизнесті қолдау шаралары мәселесі қаралды. Аудан басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында кешенді шараларды күшейтуді атап, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізілуі тиіс екендігін жеткізді. Тиісті бөлімдер мен кент және ауыл әкімдеріне «Ауыл аманаты» аясында іске қосылған жобаларды «Іскер аймақ» бағдарламасымен қаржыландыру бағытында жұмыстарды үйлестіріп, нақты жобаларды ұсыну қажеттігін назарға салды.
Берілген тапсырмаларды сапалы ұйымдастырып, уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алуды сала орынбасарына міндеттеді.