
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов және Тереңөзек кентінде жалғасын тапты. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары қатысты.
Жиында аудан басшысы облыс пен ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен аймағымызда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қызылорда облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд. 391 млн. теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. 2023 жылдан бері 5 млрд. 700 млн. теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Бұл арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Президенттің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі тарапынан 280 гектар жер аумағы бөлінді. Жоба іске асқан уақытта ауданымыздың экономикалық жағдайын көтеруге зор септігін тигізеді. Бұдан бөлек ауданды дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл Тереңөзек кентінде "Руханият" орталығы ашылып, О.Абдулпаттаев, Д.Керейтбаев, Ғ.Мұратбаев, Ә.Тәжібаев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы, 3 ойын алаңы салынды. С.Сейфуллин ауылында Ә.Байназарұлы, М.Арықұлы, З.Әбілдаұлы көшелері күрделі жөндеуден өткізіліп, орталық алаң абаттандырылды. Қалжан ахун ауылында электр желілері қайта жаңғыртудан өтіп жатса, А.Тоқмағамбетов ауылында 2 ойын алаңы пайдалануға берілді.
Кездесулерде тұрғындар инфрақұрылым, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік салаға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық айтылған мәселелер назарға алынып, олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.