
Қазақстан Республикасы Президентінің "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" №826 жарлығына сәйкес бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың ІІ жартыжылдықтағы есепті кездесулері Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдарында өтті.
Кездесулерге "AMANAT" партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі аймақ бойынша жаңалықтармен бөлісіп, аудан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймағымызда халыққа қажетті 200-ге жуық әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындарымыздың игілігіне берілді. 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 144 млрд. 775 млн. теңге бөлінді. Биыл облыста жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Қызылорда қаласында 270 көше қайта жаңғыртылды. Қызылорда-Жезқазған жолының бізге тиесілі 191 шақырымы бүгінде толық асфальттанды, енді жол белгілері мен инфрақұрылымы реттелу үстінде. Келер жылы толығымен пайдалануға берілмек. Биыл барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш өңірде 83 пайызға жетті. Биыл газдандыру жобаларына 6 млрд. 100 млн. теңге қаржы бөлінген. 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер табысталды. Биыл 3 600 пәтерлі тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд. 785 млн. теңге бөлінді. Айтулы инвестжоба санатында «Акса Энерджи» түрік инвесторымен 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы салынды. Қызылорданы ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Жыл соңына дейін облыс орталығындағы көпқабатты үйлер ыстық сумен қамтамасыз етіледі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл Бесарық ауылында кіреберіс 2 шақырым жол түнгі жарықпен қамтылса, Қоғалыкөл ауылында Ә.Тілеулиев, М.Шоқай, С.Майқанова, Ы.Алтынсарин көшелері күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Шіркейлі елді мекенінде Ж.Нұрсейітов, Б.Жақыпов көшелері күрделі жөнделіп, шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Аудан басшысы аталған елді мекен тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.