Орман шаруашылығы және құтқару саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Орман шаруашылығы және құтқару саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен орман шаруашылығы және құрқару саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудан ардагерлері мен құқық қорғау, орман шаруашылығы және құтқару саласы басшылары мен қызметкерлері қатысты. Аудан әкімі сала мамандарын кәсіби мерекелермен құттықтады. – Биылғы мереке Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне және ұлттық құтқару жүйесінің құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады» деп атап көрсетті. 30 жыл уақыт ішінде құтқару қызметінің рөлі бірнеше есе артып, азаматтар мен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқашан мемлекеттік маңызы бар іс болып саналады. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін еліміздің әрбір азаматын құтқару, олардың өмірін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу – ең басты міндеттеріне жатады. Осындай жауапкершілігі мол, қиын және қауіпті салада жүрген ауданның төтенше жағдай қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Қандай қиыншылыққа тап келсе де олар барлығына батылдық танытуда. Қоршаған ортаны қорғау, экожүйені жақсарту, орман-тоғайды көбейту – қоғамды жұмылдыратын жақсы іс. Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау бағытында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн. гектар жерге сексеуіл егу тапсырмасына «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің қызметкерлері өлшеусіз үлес қосуда. Аймақ басшысының қолдауымен өңірдің орман алқаптарын ұлғайту, саладағы ғылыми жұмыстарды жандандыру және жаңа технологияларды енгізумен бірге орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жаңа серпін берілуде. Ауданымыздың табиғат сақшылары орманды өрттен қорғау, қалпына келтіру, экологиялық ағарту және «Таза Қазақстан» экологиялық шараларына белсене қатысуда. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың дана сөзін естен шығармай, орманды сақтау, қорғау және көбейтуде ауданымыздың әрбір тұрғыны Өздеріңізбен бірге үлес қоса береді деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы. Мерекелік іс-шарада орманшылар мен құтқарушылар медальдармен, облыс әкімінің, аудан әкімінің, тиісті департамент және басқарма «Алғыс хатымен» марапатталды. Аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.