Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұстаздар күні мерекесінде білім саласының ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. Мерекелік қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып және білім саласының ардагерлері қатысты.
Аудан басшысы мерекелік қабылдауда ұстаздық үлкен қасиет екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген құрметімен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болады» деп атап өтті. Президентіміздің тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен білім саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдерге арналған физика-математика мектеп-интернаты, «Оқушылар үйі», «Өнер мектептері», «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Музыкалық колледж секілді ғимараттар ел игілігіне табысталды. Сіздер – еліміздің алтын қазығы саналатын білім беру жүйесінің негізін қалаған буын өкілдерісіздер. Ел боламын десек, ең алдымен ұрпағымыз білімді, тәрбиелі, отаншыл болуы керек дейміз. Міне, осы ұлы міндетті Өздеріңіз арқалап, бірнеше буынға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, ұлт келешегінің іргетасын қаладыңыздар. Сіздер – тек мектептегі жұмыстарыңызбен ғана емес, өмірлік ұстанымдарыңызбен, кішіпейіл де кең жүректеріңізбен де жас ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Қазір де жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестеріңізді айтып, қоғамдық өмірге белсене араласып келесіздер. Ауданның білім саласының дамуында Өздеріңіздей ардагер ұстаздардың еңбегі өлшеусіз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, ардагер ұстаздар мерекелік лебіздерін жеткізді. Қабылдау барысында ардагер ұстаздар аудан әкімінің Құттықтау хатымен марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.