Жамбыл облысы,Байзақ ауданынан келген делегация Сырдария ауданында

Жамбыл облысы,Байзақ ауданынан келген делегация Сырдария ауданында

Жамбылдық қонақтар 95 жылдан астам тарихы бар туған жер шежіресімен танысып, жаңа ғимараттың бүгінгі тынысының куәсі болды. Қонақтар ең алдымен аудандық музей экспозициясын тамашалап, Сыр өңірінің тарихы, мәдениеті мен тұлғалары туралы құнды мағлұматтар алды. Экскурсия барысында делегация мүшелеріне археологиялық жәдігерлер, этнографиялық экспонаттар, тарихи құжаттар мен фотоматериалдар көрсетілді, өңірдің бай мәдени мұрасы жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Бұдан соң, делегация мүшелері аудандық кітапхана жұмысымен танысты. Қонақтарға кітапхана қоры, кітап көрмелері, заманауи қызмет көрсету бағыттары мен түрлі жобалар таныстырылып, рухани ордаға арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Руханият» орталығының ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс жасауда.
Сыр өңіріне жасаған сапарлары тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жаңа полигонда жалғасты. «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойында 4 гектар жерге салынған полигонның құрылысымен танысып, аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов жобаның негізгі ерекшеліктерін таныстырып өтті. Полигон құрылысына облыстық бюджеттен 475,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Мұнда тұрмыстық қалдықтар арнайы сұрыпталады. Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі жүргізген.
Полигон екі негізгі бөліктен тұрады: шаруашылық аймақ және өндірістік аймақ. Өндірістік аймақта қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы алаң мен сүзгіш құдық орналасқан. Жылына 3500 тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдық сұрыптау жоспарланып отыр.
Кездесудің және полигон жұмысымен танысудың маңызы ерекше. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау - барлық тұрғындардың ортақ міндеті. Қалдықтарды реттеп жинау мен сұрыптау жүйесінің дұрыс жолға қойылуы жердің, судың ластануын азайтады. Адамдардың денсаулығын қорғап, тұрмыстық жағдайын жақсартады. Полигонның жұмысы өз деңгейінде ұйымдастырылғанда, қоршаған ортаға залал келтірудің алдын алуға болады.