Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, комиссия мүшелері, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі «Аудан аумағында есірткі құралдарын тарату деректерін анықтау мен жолын кесу бағытында атқарылған жұмыстар және алға қойылған міндеттер туралы» аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы, «Есірткі егу алқаптары анықталған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару және жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушыларға заңмен белгіленген жауапкершіліктерін түсіндіру жұмыстары туралы» аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Мейрамбекұлы және «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінде есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру туралы» аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова хабарлама жасады.
- Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес жүргізу тек құқық қорғау органдарының ісі деп қарамауымыз керек, ол жалпы халықтың міндеті. Есірткі қылмыстарын алдын алу үшін бұл іске барлық мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарын белсенді тарту – онымен күрестің алғы шарттарының бірі. Сондықтан барлық мүдделі тараптарды бірлескен, үйлесімді жұмыс жасауға шақырамын. Сондай ақ, бүгінгі күнге өзекті мәселенің бірі пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында қайта қылмыс жасау жағдайлары қатты алаңдатуда. Көп жағдайда, теріс әрекетке барған адамды қоғамға бейімдеу, оларға лайықты жұмыс көзін ұсыну өз деңгейінде орындалмайды. Жұмыссыздыққа шынайы талдау жасағанда пробация есебінде тұрғандардың және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандардың көбісі өзін-өзі жұмыспен қамтылмағандар санатына еніп, бақылаудан босайды. Мұның арты қайта қылмыс жасаумен аяқталады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша аудан әкімі құқық қорғау органдары мен сала басшыларына тапсырмалар беріп, тиісті шаралар қабылдау жөнінде шешімдер қабылданды.