Сапалы ауыз сумен қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді

Сапалы ауыз сумен қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін цифрлық технологияларды енгізу шаралары бойынша мәжіліс өтіп, нақты тапсырмалар жүктелді. Осыған байланысты аудан әкімі Берік Сәрменбаев жиын өткізіп, халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында кешенді шаралар атқарылып жатқанын атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Соған байланысты ауданда сумен қамту мәселесі толық шешімін тапқан. Десе де, жаз мезгілінде тұрғындардың ауыз суды бақшаға пайдалануы салдарынан судың қысымы төмендейді. Мұндайға жол бермеу қажет. Ауыз судың үздіксіз және қысымының төмендемеуін тұрақты бақылауда ұстау қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Ауданда жалпы ұзындығы 463,9 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары жүйесі бар. Өткен жылы Сәкен Сейфуллин және Іңкәрдария елді мекендерінде барлау-пайдалану ұңғымаларын бұрғылау объектісі жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, аталған нысандар толығымен қабылданды. Cоңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен бөлінген 92,1 млн. теңгеге 9 су мұнарасы сатып алынып, Тереңөзек кенті, Шаған, Іңкәрдария, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Шіркейлі, Аманкелді елді мекендеріне жаңадан орнатылды.