Аудан әкімі Берік Сәрменбаев С.Сейфуллин елді мекеніндегі №137 орта мектебіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, Үкіметтің, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірдің білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, аймақтағы білім ошақтары жаңалануда. Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалып жатқан нақты жұмыстар. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы тиіс, – деді Берік Әбідғаппарұлы.
Елді мекендегі №137 орта мектеп 1974 жылы салынған. Жалпы сыйымдылығы 460 орынға негізделген. Биыл мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 309 млн. теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын медігер мекеме «N Cтрой Сервис» ЖШС атқаруда. Бүгінде білім ғимаратының сырты қапталып, ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін айтып, салалық орынбасары мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мектептің жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталуын қатаң ескертті.