"Мемлекеттік рәміздер-ел мақтанышы" атты мерекелік іс-шарасы өтті

"Мемлекеттік рәміздер-ел мақтанышы" атты мерекелік іс-шарасы өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Мемлекеттік Рәміздер – ел мақтанышы» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аудан басшысы жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, Рәміздердің еліміз үшін маңызына тоқталып өтті:
– 1992 жылдың 4 маусымы – Тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған ерекше күн. Себебі, осы күні Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері Көк байрақ, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деп атап өтті. Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел топтасқан. Қазақ халқының байрағы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдейді. Еліміздің көк Туы Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді халықаралық ұйымдардың мінберінде желбіреп, Әнұранымыз әлем ареналарында шырқалып келеді. Бұл – барша халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Рәміздеріміз тек көркемдіктің символы ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, ұлттық болмысқа деген құрмет. Мемлекеттік рәміздеріміздің беделі бүкіл әлемде өсіп, нығая берсін. Көк Туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Рәміздері құрметтеліп, мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген әртүрлі сала мамандары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында мерекелік шарада Сырдария ауданында 2 мемлекеттік қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады.
Ант қабылдау жас мамандарға қызметтің мол жауапкершілігін түсіндіруге бағытталған. Бұл күні мемлекеттік қызмет табылдырығын алғаш рет аттағандар жұмысқа адал болып, кәсіби қызмет көрсетуге серт берді.
«Мемлекеттік қызмет туралы" ҚР Заңымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ант қабылдау мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген.
Мемлекеттік қызметшілердің қатарын толықтыра отырып Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Есболатов Өмірзақ Есболатұлы және Бесарық ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маманы Кішкенбаев Талғат Есқалиұлы салтанатты түрде еліміздің Конституциясы мен заңнамасын сақтауға ант беріп, кәсіби міндеттерін адал атқаруға міндеттелді.
Салтанатты іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жиын соңында Рәміздер күні мерекесіне арналған жастар арасындағы жүгіру марафоны ұйымдастырылды.