

Құрметті сырдариялықтар!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан ұсынысына сәйкес, Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтіп келеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді арттыратын айшықты мерекеге айналды.
Ел Президенті Республика күніне арналған өзінің құттықтауында: «Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар» деген болатын.
Бұл күн – еліміз үшін тарихи күн. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты.
Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға өзгеріс енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Сондықтан бұл тарихи құжаттың еліміз үшін, мемлекеттің әрбір азаматы үшін мән-маңызы зор.
Халқымызда «Бағалай білгенге бақ қонады» деген даналық сөз бар. Қазіргі кезеңде бізге бірлік, ынтымақ, өзара түсіністік ұғымдары аса маңызды. Бірлігіміз жарасып, елімізді, Сыр өңірін дамыта берейік.
Баршаңызға егемендігіміздің бастауы болған Республика күні құтты болсын!
Еліміз еңселі, Егемендігіміз тұғырлы болсын!