
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және “AMANAT” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы Шіркейлі ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы дәрігерлік амбулаторияның жұмысын көріп, ғимараттың техникалық жағдайына, санитарлық талаптардың сақталуына және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасына назар аударды.
Қазіргі таңда амбулаторияда ауыл тұрғындарына 13 медицина қызметкері қызмет көрсетуде. Медициналық мекеме 3 жатын орынмен қамтамасыз етілген және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Сонымен қатар, балабақша жұмысымен танысты. Бүгінде балабақшада 90 бала тәрбиеленуде. Мұнда 4 топ бойынша балғындар мектепке дейінгі біліммен қамтылған.
Балабақша меңгерушілері тәрбиеленушілерге арналған жайлы жатын орындар, теңгерімді әрі күнделікті ыстық тамақпен қамту, сондай-ақ заманауи білім беру бағдарламаларына сәйкес оқу және дамытушы сабақтардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.
Аудан басшысы бірқатар мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолында нақты жұмыстарды атқаруды сала басшыларына тапсырды.