«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЛ ЕГУ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЛ ЕГУ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ
Аманкелді ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді тал егу іс-шарасы ұйымдастырылды. Игі шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сондай-ақ іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Руслан Каскиев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар белсене қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде аталған акцияның тек тазалық шарасы ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – туған жерге деген жанашырлықтың және экологиялық мәдениеттің айқын көрінісі. Бүгін егілген көшеттер ертең ауылымыздың көркін арттырып, жасыл желекке айналатыны сөзсіз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шара барысында ауылдағы «Қызылбай» бауында белгіленген аумаққа 1100 түп тал көшеті отырғызылды. Қатысушылар бірлесіп көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, ауыл аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Аталған бастама елді мекеннің экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға және табиғатқа жанашырлық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Аманкелді ауылдық округі әкімінің аппараты