ГҮЛ СЫЙЛАЙЫҚ АНАҒА

ГҮЛ СЫЙЛАЙЫҚ АНАҒА
Аманкелді ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Гүл сыйлайық анаға» атты мерекелік кеш өткізілді.
Мерекелік кештің басты мақсаты – аналарға деген құрмет пен ризашылықты білдіру, олардың қоғамдағы және отбасындағы ерекше рөлін дәріптеу. Іс-шараға ауыл тұрғындары, ардақты аналар мен апа-әжелер қатысып, мерекелік кештің куәсі болды.
Кеш шымылдығын ауыл әкімі Зейнұр Қайраддинұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Рыспайұлы және әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Қалдыбайқызы ашып, барша нәзік жандыларды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтады. Ауыл әкімі өз сөзінде аналардың мейірімі мен еңбегінің, отбасы мен қоғамдағы орнының ерекше екенін атап өтіп, ауылдың қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген аналарға облыс, аудан, ауыл әкімдерінің және AMANAT партиясының аудандық филиалы төрағасының алғыс хаттары мен сыйлықтарын табыстады.
Кештің ерекше әрі есте қаларлық сәттерінің бірі – «Әкелер» ансамблінің тұсаукесер салтанаты болды. Жаңадан құрылған ансамбль өз өнерлерін көпшілікке ұсынып, алғашқы орындаған әндері арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл бастама ауыл мәдениетінің дамуына серпін беретін игі қадам болды.
Шара барысында мәдениет үйінің өнерпаздары мен ауыл жастары аналарға арнап әсерлі әндер шырқап, жүрекжарды өлеңдерін оқып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кеш жылы лебіздерге, гүлдер мен ізгі тілектерге толы болып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында аналарға сыйлықтар ұсынылды.
Барша аналарымызды, әжелерімізді және қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілейміз!
Аманкелді а/о әкімдігі