Ірі қара малды чип арқылы бақылаудың тиімділігі туралы
Ауыл тұрғындарына ірі қара малды чип арқылы бақылаудың маңыздылығы мен тиімділігін түсіндіру, сондай-ақ бұл талаптың заңнама аясындағы міндетті екендігін жеткізу.
Қазақстан Республикасының ветеринариялық заңнамасына сәйкес, ірі қара малды бірдейлендіру, яғни чиптеу – мал шаруашылығын есепке алудың және бақылаудың негізгі құралы болып табылады.
Чиптеу дегеніміз – ірі қара малдың тері астына арнайы микрочип орнату арқылы оған жеке сәйкестендіру нөмірін беру. Бұл нөмір арқылы малдың иесі, жасы, тұқымы, екпелері, қозғалысы және ветеринариялық жағдайы туралы мәліметтер бірыңғай электрондық дерекқорда сақталады.
Чип арқылы бақылаудың негізгі артықшылықтарына тоқталсақ:
Біріншіден, малдың жоғалуын және ұрлануын азайтады. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда, чип арқылы оның иесін анықтау мүмкіндігі жоғары болады.
Екіншіден, жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Вакцинация мен ветеринариялық тексерулер дер кезінде жүргізіліп, малдың денсаулық жағдайы толық бақылауда болады.
Үшіншіден, заңсыз сойылу мен тасымалдаудың алдын алады. Чиптелмеген малды сату, сою немесе басқа елді мекенге шығару заңмен шектелген.
Төртіншіден, мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ет пен сүт өнімдерінің қай малдан алынғаны нақты анықталып, халыққа сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынылады.
Бесіншіден, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге жол ашады. Субсидия, өтемақы және өзге де мемлекеттік бағдарламаларға тек тіркелген, яғни чиптелген мал ғана қатыса алады.
Құрметті ауыл тұрғындары!
Ірі қара малды чиптетпеу – қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан әрбір мал иесі өз малының дер кезінде чиптелуіне және тіркелуіне жауапты болуы қажет.
Ірі қара малды чип арқылы бақылау –
мал иесі үшін де,
ауыл шаруашылығы саласы үшін де,
қоғам мен мемлекет үшін де тиімді жүйе екенін атап өткім келеді.
Осыған байланысты баршаңызға заң талаптарын сақтауға, малдарыңызды уақтылы чиптетіп, ветеринариялық есепке қоюға шақырамыз.