Елордада «Парыз» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елордада «Парыз» байқауының жеңімпаздары марапатталды

2022 жылғы 7 желтоқсанда Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. ЭКСПО конгресс-орталығында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен республика кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Биыл конкурсқа қатысуға Қызылорда облысы бойынша 33 ұйым өтінім берді, оның ішінде 15 ірі кәсіпкерлік, 18 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында 16 өтінім, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында – 7 өтінім, «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында – 7 өтінім, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында – 2 өтінім, 2020 жылдан бастап тағайындалған «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығымен марапаттауға 1өтінім түсті.

Орталық мемлекеттік органның басшыларынан, ҚР Парламенті депутаттарынан, бизнес және кәсіби одақтардың өкілдерінен құрылған Республикалық комиссия шешімімен «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Қармақшы ауданының «Жаңажол» ЖШС-і қола жүлдесін иеленді.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында «Торғай-Петролеум» АҚ-ы күміс жүлдегері атанды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Жалағаш ауданының «Номад Солар» ЖШС-і күміс жүлдеге ие болды.

Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айрықша белгілер (статуэткалар) табыс етілді. Сондай-ақ, лауреаттарға конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта осы атақ берілген күннен бастап үш жыл ішінде пайдалану құқығы беріледі.