«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 27 маусымдағы Заңына АҚПАРАТ

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 27 маусымдағы Заңына   АҚПАРАТ

Заң мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған және Қазақстан Республикасының 76 заңнамалық актісіне өзгерістер енгізуді көздейді.

Заңда:

- денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсету құқығын айқындау;

- мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емделуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санаторий-курорттық ұйымда болу құнын халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторий-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың 70 %-ы мөлшерінде өтеу;

- психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу бойынша нормативтерді 60 мың баладан 50 мың балаға дейін төмендету;

- «абилитация» ұғымын енгізу (мүгедектігі бар адамдардың тұрмыстық, қоғамдық және кәсіби қызметке деген қабілетін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені);

- үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды құқықтық және техникалық сипаттағы нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде жекеше нотариустардың қызметтеріне ақы төлеуден босатылған адамдар санатына қосу;

- мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін сақтай отырып, интернет-ресурстарды құру және ақпаратты «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдауыштарына орналастыру;

- Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету;

- жер қойнауын пайдаланушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлетін 1% шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау. Норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;

- такси тасымалдаушыларында 10 автомобильге мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау бойынша бір мамандандырылған автокөліктің міндетті болуын анықтау. Норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;

- тасымалдаушылардың мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға бейімделген автобустарды басымдықпен сатып алуы. Норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;

- мүгедектікті белгілеу бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамадан сырттай өту мүмкіндігін беру;

- дәріханалары жоқ ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін дәрілік заттарды денсаулық сақтау ұйымдары арқылы өткізуді көзделген.

Сонымен бірге министрлердің, әкімдердің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу, «мүгедек» ұғымын «мүгедектігі бар адамға» және «мүгедек бала» ұғымын «мүгедектігі бар балаға» өзгерту қарастырылған.

Заңды іске асыруға 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде 5,9 млрд теңге көзделген.