ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай бүгін өңірдегі әлеуметтік сала қызметкерлері құрмет төрінен көрінді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары сала мамандарын айтулы мереке қарсаңында үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметтерін жоғары бағалап, Сыр халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуда жасалған ілкімді істерді тілге тиек етті.
- Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы ішінде азаматтарды әлеуметтік қорғаудың алғышарттары жасалып, көпсалалық, бірнеше деңгейлік ұлттық моделі құрылды. Өздеріңіздің тікелей қатысуларыңызбен осы салада мемлекеттік жәрдемақы, жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қолдау сияқты негізгі бағыттар жүзеге асып, ынтымақтастықтың және мемлекеттік институттардың қатысуының әртүрлі деңгейі қалыптасты.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, жол карталары жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Жұмыссыздық деңгейі 11,2 проценттік пунктке төмендеп, қазіргі уақытта 4,9% құрады. Облыс бойынша 243 810 жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасатын болады, - деді Балжан Шәменова.
Мұнан соң, сала ардагерлері мен түрлі деңгейдегі 19 қызметкер «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, 13 адам Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік іс-шараның арнайы рәсімінен соң Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанов пен Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамының төрайымы Салтанат Сыздықова ықылас-лебіздерін білдірді.