
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында кедергісіз орта қалыптастыруды бақылаудың жаңа тетіктері және оңалту қызметтерін цифрландыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – нысандардың қолжетімділігін бағалау және қолжетімділік декларациясын келісу үшін қорытынды қалыптастыруға арналған Алгоритм жобасының таныстырылымы болды. ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб жаңа регламент ғимараттардың құрылыс нормаларына сәйкестігін тексеруді жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Алгоритмге сәйкес, Комитеттің аумақтық департаменттері нысандардың нақты қолжетімділігін растау мақсатында тексерулер жүргізеді (кіреберіс, жүріп өту жолдары, санитарлық тораптар). Бағалау автотұрақ орындарынан бастап, визуалды және дыбыстық навигация жүйелеріне дейінгі 12 негізгі аймақты қамтиды.
Мониторинг процесіне мүгедектік мәселелері бойынша әкімдердің штаттан тыс кеңесшілері белсенді тартылатын болады, бұл сараптаманың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді.
Отырыс барысында сондай-ақ шипажайлық-курорттық емдеу сапасын арттыруға бағытталған заңнамалық бастамалар қаралды. Атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне шипажайлық-курорттық ұйымдарды міндетті аккредиттеуді енгізуді көздейтін түзетулер талқыланды.
Министрлік Әлеуметтік қызметтер порталы (ӘҚП) арқылы қызмет көрсетушілерге нақты талаптар белгілеуді ұсынды. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар үшін орындардың кемінде 10%-ын міндетті түрде резервтеу, сондай-ақ көрсетілген қызметтің нақты алынғанын растау және жалған есептілікті болдырмау үшін цифрлық мониторинг құралдарын (Face-ID немесе QR-кодтар) енгізу бар.
Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері аумақтық департаменттер тарапынан қатаң бақылауды талап ететінін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша салалық бөлімшелерге нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Бұл өзгерістер министрліктің оңалту стандарттарын лицензиялау және бақылау саласындағы өкілеттіктерін бекітеді.
Үйлестіру кеңесінің жұмысына денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының басшылары, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.